Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс - Тоқаев

Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс - Тоқаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барлық өңірінде құрылыс жұмыстарын жандандырып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту қажеттігін айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына басымдық берілуі тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президент елдің тұрақты дамуы алға қойылған міндеттердің қаншалықты сапалы әрі уақытылы орындалатынына байланысты екенін атап өтті. Осыған орай азаматтарды қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету маңызды екенін жеткізді.

"Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты. Сондықтан басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы құрылыс жұмыстары жекелеген жобалармен шектелмеуі керектігін айтып, барлық аймақта ауқымды жұмыстарды қолға алуды тапсырды.

"Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ. Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет", – деді Президент.

Сонымен қатар Тоқаев жаңа нысандарды салмас бұрын әр өңірдің нақты қажеттілігін анықтау маңызды екенін атап өтті. Ол үшін облыстардағы әлеуметтік инфрақұрылымның қазіргі жағдайына жан-жақты талдау жүргізілуі керек.

Атап айтқанда, өңірлерге қанша аурухана, мектеп, мәдениет және спорт нысаны қажет екенін анықтау жұмыстарын тез арада аяқтауды тапсырды.

Президенттің айтуынша, мұндай талдау құрылыс жұмыстарын халықтың нақты сұранысына сай жоспарлауға мүмкіндік береді.