Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысы Жолдауда айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Президенттің сөзінше, Қазақстан жасанды интеллектіні коммерцияландыру, активтерді токендеу, блокчейн технологиялары мен цифрлық платформалық экожүйелерді дамыту жұмыстарын енді ғана қолға алды. Ендігі міндет – цифрландыруды экономикада іс жүзінде қолдану бағдарламасын әзірлеу.
Тоқаев Қазақстанның цифрлық қызметтерді дамытуда бірқатар озық елден алда екенін атап өтті. Қазір миллиондаған азамат маркетплейстерді, тамақ жеткізу қызметтерін, такси шақыру платформаларын және банктік сервистерді күнделікті пайдаланады.
Мемлекет басшысының айтуынша, елде өнімділігі жоғары цифрлық экономиканы дамытуға қажетті жағдайлар бар. Қазақстан жастары білімді әрі креативті, интернет қолжетімді, цифрлық инфрақұрылым қалыптасқан.
«Бүгінде кез келген азамат бірнеше минуттың ішінде банк шотын ашып, бөліп төлеуді рәсімдей алады немесе үйден шықпай-ақ тауар сатып алады», – деді президент.
Цифрландырудың жаңа кезеңі қандай болады?
Тоқаевтың пікірінше, цифрландырудың келесі кезеңінде азаматтарға қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігін берумен шектелмей, олардың жеке әлеуетін кеңейтуге басымдық беру қажет.
«Бізге парадигманы өзгертіп, алдымызда тұрған міндеттерге басқа қырынан қарау керек. Біздің мақсатымыз – халыққа қызмет ететін шынайы цифрлық экономиканы құру», – деді ол.
Президент интернетті тек тұтыну мен көңіл көтеру кеңістігі ретінде қабылдамау керегін атап өтті. Оның орнына желі еңбек ету мен жаңа мүмкіндіктер жасауға арналған ортаға айналуы тиіс.
Сондай-ақ мемлекет басшысы смартфондарды уақыт өткізетін құрал ғана емес, тиімді жұмыс құралы ретінде пайдалануға шақырды.
Осыған байланысты Үкіметке жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастыру міндеті жүктелді.