“Шешім де, нәтиже де жоқ”. Тоқаев Air Cargo компаниясының жұмысына шүйлікті

“Шешім де, нәтиже де жоқ”. Тоқаев Air Cargo компаниясының жұмысына шүйлікті
Фото: Depositphotos/Chalabala

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық көлік және логистика саласындағы мүмкіндіктері толық пайдаланылмай отырғанын айтты. Мемлекет басшысы шекарадағы ұзын-сонар көлік кептелісін, жол бойындағы инфрақұрылымның жеткіліксіздігін және әуе тасымалы саласындағы нақты нәтижелердің жоқтығын сынға алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның Еуразиядағы ірі транзиттік орталыққа айналуы үшін ең алдымен сапалы автомобиль жолдары мен заманауи қызмет көрсету инфрақұрылымы қажет.

"Еске саламын: сапалы жолдар мен заманауи жол бойындағы қызмет көрсету инфрақұрылымы болмаса, Қазақстан жаһандық транзиттік дәліз немесе Еуразияның көлік-логистикалық торабы мәртебесіне үміткер бола алмайды. Мәселенің мәні осында. Бұл түйткіл қалай болғанда да шешілуі тиіс", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы шекара бекеттеріндегі жағдайға да тоқталды. Оның сөзінше, өткізу пункттерінде қалыптасқан көп шақырымдық кептелістер елдің транзиттік әлеуетін дамытуға кедергі келтіріп отыр.

"Егер шекара көп шақырымға созылған көлік кептелісін тудыратын тар өткелге айналса, ал қазір дәл осындай жағдай болып отыр, Қазақстанның қандай да бір көшбасшылығы туралы сөз қозғаудың өзі артық", – деді Президент.

Сонымен қатар Тоқаев Қазақстанның географиялық орналасуы халықаралық әуе тасымалын дамытуға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті. Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды әуе дәліздері еліміздің аумағы арқылы өтеді. Алайда бұл артықшылық әзірге толық экономикалық пайда әкелмей отыр.

Президенттің пікірінше, халықаралық әуе тасымалынан табыс табу үшін жерүсті қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту қажет. Бұл әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын тәсіл.

"Біздің аумағымыз арқылы Еуропа мен Азия арасындағы негізгі әуе дәліздері өтеді. Бұл – орасан зор бәсекелестік артықшылық. Алайда әзірге ол әдемі безендірілген таныстырылымдарда ғана қалып отыр. Осы мүмкіндікті іс жүзінде пайдалану үшін жердегі қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту қажет. Бұл – әлемдік тәжірибе. Ал қазір қыруар табыс тура мағынасында еліміздің үстінен ұшып өтіп жатыр", – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент жекеменшік "Air Cargo" компаниясының жұмысына жеке тоқталды. Оның айтуынша, компанияның қаржылай мүмкіндігі мол, шетелдік білікті мамандарды жұмысқа тартып, оларға жоғары еңбекақы төлеуге де қауқарлы. Сондай-ақ дербес шешім қабылдауға мүмкіндігі бар.

Алайда Тоқаев компанияның жұмысынан әзірге нақты нәтиже көрінбей отырғанын сынға алды.

"Жекеменшік "Air Cargo" компаниясына үлкен үміт артылып отыр. Оның қаржыландыру мүмкіндігі жоғары, соның ішінде шетелдік жетекші мамандардың еңбекақысын төлеуге де қауқарлы. Компания шешімдерді өз бетінше қабылдай алады. Бірақ әзірге шешім де, нәтиже де жоқ. Сіздерге сенім артылды, енді нақты нәтиже күтеміз", – деді Президент.