Қазақстан-Өзбекстан шекарасында жүк тасымалдаушылардан жарна талап етілетін болады

Қазақстан-Өзбекстан шекарасында жүк тасымалдаушылардан жарна талап етілетін болады
ЖИ: Dalanews.kz

9 қарашадан бастап Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы үш өткізу бекетінде электронды кезекті брондау тәртібі өзгереді. Жүк тасымалдаушылар белгіленген уақытқа кезек алу үшін 86,5 мың теңге көлемінде кепілдік жарна төлеуге тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа талап «Қазығұрт», «Б. Қонысбаев» және «Атамекен» өткізу бекеттерінде қолданысқа енгізіледі. Кепілдік жарнаның мөлшері 20 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) тең. Егер жүк көлігі брондалған уақытында шекараға келсе, төленген ақша толық қайтарылады.

Алайда 90 күн ішінде жүргізуші брондалған кезекті екі рет өткізіп алса, кепілдік жарна мемлекет бюджетіне аударылады. Жаңа ереженің мақсаты – қолдан кезек қалыптастыруды азайтып, жүк тасымалдаушылардың белгіленген тәртіпті сақтауын қамтамасыз ету.