Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге инфрақұрылымды жаңғыртуға бөлінеді

Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге инфрақұрылымды жаңғыртуға бөлінеді
Akorda

Қазақстанда 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлініп, ел бойынша әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады, деп хабарлайды Dala News.

Ақорда мәліметінше, Мемлекет басшысы Үкіметке бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Жоспар аясында өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары және ерекше балалардың қажеттіліктеріне бейімделген спорт залдары бар.

Сонымен қатар 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады. Президент аса қажетті нысандардың құрылысын жедел бастап, оларды қысқа мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.

«Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық базасы жақсы әрі тәжірибесі мол жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін тарту қажеттігін атап өтті. Құрылыс жұмыстарының барысы қатаң бақылауға алынады.

Ақорда мәліметінше, Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 млрд долларға жуықтап, жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады. Алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жалпы көлемі 130 млрд доллардан асқан.

Президент Ұлттық қордың қаражатын қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жұмсау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, қор қаражатын жинақтау мен пайдалану арасында теңгерім сақталып, қаржы қоғамға барынша пайдалы жобаларға бағытталуға тиіс.

Сондай-ақ биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 трлн теңге қарастыру тапсырылды.