Әрбір ірі қаланың нақты даму жоспары болуы тиіс - Тоқаев

Әрбір ірі қаланың нақты даму жоспары болуы тиіс - Тоқаев
Фото: stan.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ірі қалалардың дамуын жүйелі жоспарлау қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке әрбір ірі қаланың орта және ұзақ мерзімді даму жоспарын бекітуді, сондай-ақ қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президент ауылдық елді мекендерді дамыту мәселесі мемлекет назарынан тыс қалмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартумен қатар, экономикалық өсімнің негізгі орталықтарына айналған қалаларды дамытуға да басымдық берілуі керек.

"Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз. Алайда, қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, қалалардың дамуы тұтас өңірдің экономикалық әлеуетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан ірі қалалардың келешегі нақты жоспарға негізделуі тиіс.

"Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс", – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қала инфрақұрылымын басқаруға заманауи цифрлық технологияларды енгізу қажеттігін айтты. Осы мақсатта Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қалалардың цифрлық сыңарын әзірлеуі керек.

Бұл технология қаладағы ғимараттар, жолдар, инженерлік желілер және басқа да инфрақұрылым нысандары туралы мәліметтерді бір жүйеге жинақтап, олардың жағдайын бақылауға және алдағы өзгерістерді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Президент қалалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және шаһарлардың келбетін жақсарту маңызды мемлекеттік міндет екенін атап өтті.

"Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап", – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, қалалардың қарқынды дамуы сол өңірдің экономикасын өркендетіп қана қоймай, тұрғындардың әлеуетін арттыруға да ықпал етеді.