Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 27 қазанда сағат 18:00-де аяқталды. Енді кандидаттар мен партиялық тізімдерді тіркеу кезеңі басталды. Ол 1 қарашада сағат 18:00-де аяқталады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Орталық сайлау комиссиясының жоспарына сәйкес кандидаттарды ұсыну және өз-өзін ұсыну 14 қазанда басталып, 27 қазанда сағат 18:00-де аяқталды.
1 қарашада сағат 18:00-ге дейін сайлау комиссиялары партиялық тізімдерді және бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша ұсынылған кандидаттарды тіркеуі керек.
Сайлауалды үгіт 1 қарашада басталып, 28 қарашада сағат 00:00-де аяқталады. 28 қараша - тыныштық күні. Бұл күні сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынады.
Дауыс беру 29 қарашада сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Заңда көзделген жағдайларда аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру басталатын және аяқталатын уақытты өзгерте алады. Сайлау қорытындысы бес күн ішінде шығарылуы керек.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның мәліметінше, мәслихатқа барлығы 3 447 депутат сайланады.