Қазақмыс кеніштерінде 346 бірлік тау-кен жабдығы жөнделді

Қазақмыс кеніштерінде 346 бірлік тау-кен жабдығы жөнделді
Фото: Қазақмыс

2026 жылы Қазақмыс тау-кен жабдығын жөндеу мен қалпына келтіруге 6,7 млрд теңге қарастырды. Оның 5,8 млрд теңгесі жөндеу жұмысына бағытталды. Бағдарлама жабдықтардың техникалық дайындығын арттыруға, жоспардан тыс тоқтап қалудың алдын алуға және тау-кен кәсіпорындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бағдарлама аясында 346 бірлік тау-кен техникасына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Жөндеу жұмысының басым бөлігі Жезқазған өңірінде орындалып, 277 жабдық жөнделді. Қарағанды өңірінде 31 бірлік, Балқаш өңірінде 38 бірлік техника жөндеуден өтті.

Ағымдағы жөндеу жұмысымен қатар, негізгі тораптар мен агрегаттарды қалпына келтіру және ауыстыру жұмысы да жүргізілуде. Бүгінгі таңда 193 торап бойынша жұмыс орындалды. Жыл соңына дейін тағы 100-ге жуық торапты қалпына келтіру немесе ауыстыру жоспарлануда. Жөндеу жұмысы бұрғылау қондырғыларын, тиеу-жеткізу машиналарын, автосамосвалдарды және Caterpillar, Sandvik, Epiroc маркалы басқа да тау-кен техникасын қамтиды.

Кәсіпорындарды қажетті қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта қоймаларда 183 ірі габаритті шина қоры жасақталған. Бұл қор орташа тұтыну көлемін ескергенде шамамен 26 күнге жетеді. Қорды одан әрі толықтыру үшін келісімшарт жасалып, қосымша 943 шина жеткізуге тапсырыс берілді. Жеткізу жұмысы белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.

2026 жылдың соңына дейін қосымша жөндеу жұмысын жүргізу, тозған бөлшектерді қалпына келтіру және өндірістік бөлімшелерді қажетті қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету жоспарланған.

Бағдарламаны іске асыру тау-кен жабдықтарының сенімділігін арттыруға, техниканың жоспардан тыс тоқтап қалу қаупін азайтуға және кеніштердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.