Қазақстанда ҰБТ форматы өзгеруі мүмкін: жаңа тест қандай болады?

Қазақстанда ҰБТ форматы өзгеруі мүмкін: жаңа тест қандай болады?
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда талапкерлердің білімін бағалаудың жаңа тәсілі әзірленіп жатыр. Ұлттық тестілеу орталығы халықаралық ETS ұйымымен бірлесіп Admission Insight Test (AIT) жобасын жүзеге асыруда. Жаңа тест пәндік біліммен қатар, сыни ойлау, академиялық жазу және цифрлық сауаттылық дағдыларын бағалауды көздейді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов ҰБТ-ның жаңа форматы мен оқушылардың білімін бағалаудың тәсілдері туралы баяндама жасады. Бұл туралы Білім беру мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

15 қазанда Qazaq AI Research University университетінде Жоғары білім беру қызметкерлері күніне арналған форум өтті. Іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері мен басшылығы, жоғары оқу орындары және ведомствоға қарасты ұйымдардың өкілдері қатысты. Форумда Нұрсейіт Байжанов «ҰБТ-ның жаңа форматы – оқушылардың білімін бағалаудың заманауи құралы» тақырыбында баяндама жасады.

ҰБТ-ның жаңа форматы қандай болады?

Ұлттық тестілеу орталығы халықаралық ETS ұйымымен бірлесіп Admission Insight Test (AIT) жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба 2026 жылғы ақпанда басталған. Оны 2030 жылға дейін іске асыру жоспарланған. Жобаның мақсаты – білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен қазіргі талаптарды ескере отырып, жоғары оқу орындарына түсу емтихандарына қатысты тәсілдерді қайта қарау.

Ұсынылып отырған AIT тесті екі бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлімде 14 бейіндік пән бойынша тест тапсырмалары болады. Оларды мемлекеттік стандартқа сәйкес жаңарту жоспарланған. Бұл ретте ақпаратты жаттап алып, қайталаудан гөрі, тақырыпты түсіну мен білімді қолдану қабілетіне көбірек мән берілмек.

Екінші бөлімде талапкерлердің түрлі дағдылары бағаланады. Ол бес модульден тұрады. Модульдер сыни ойлау, академиялық жазу және зерттеу дағдылары, коммуникация, жасанды интеллект, сандық және цифрлық сауаттылық, сондай-ақ креативті және дизайндық ойлау қабілеттерін бағалауға бағытталған. Соңғы модуль әлі әзірленіп жатыр. Ұлттық тестілеу орталығының директоры пәндік білім емтиханның негізгі бөлігі болып қала беретінін атап өтті. Ал дағдыларды бағалау оны алмастырмайды, керісінше толықтырады.

Тестілеудің нақты құрылымы білім беру саясаты мен зерттеу нәтижелеріне қарай одан әрі нақтыланбақ.

Жаңа тестіні әзірлеуге кімдер қатысып жатыр?

Жаңа бағалау жүйесін әзірлеу барысында ашықтыққа ерекше назар аударылып отыр. 2026 жылғы сәуірде Ұлттық тестілеу орталығы мен ETS бірлесіп, шамамен 4 мың респонденттің қатысуымен зерттеу жүргізген. Сонымен қатар Астанада сегіз фокус-топ және төрт тереңдетілген талқылау ұйымдастырылған.

Жобаға жоғары оқу орындары, оқытушылар және білім беру жүйесінің басқа да қатысушылары тартылып жатыр. Бұл жаңа қабылдау жүйесін әзірлеу кезінде әртүрлі тараптың пікірін ескеруге мүмкіндік береді.

AIT тесті қашан өткізіледі?

Жаңа Admission Insight Test жүйесін пилоттық режимде сынақтан өткізу 2027 жылдың көктеміне жоспарланған. Әзірге бұл – әзірленіп жатқан жоба. Тестілеудің түпкілікті құрылымы мен оны енгізу тәртібі білім беру саясаты мен зерттеу нәтижелеріне сәйкес нақтыланатын болады.