Ақмола облысында Петропавл – Көкшетау тасжолында үш жеңіл көлік пен екі КамАЗ соқтығысып, үш адам қаза тапты. Тағы екі адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 15 қазанда сағат 08:00 шамасында Кременчуг ауылы маңында болған.
Соқтығыс салдарынан Audi көлігінің үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Көлік жүргізушісі мен тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізіліп, оларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Қалған көліктердің жүргізушілері зардап шеккен жоқ.
Аталған факті бойынша екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза болуына әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір оқиғаның себептері мен мән-жайын жан-жақты анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп, сараптамалар тағайындалған.
Полиция жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға және көліктер арасындағы қауіпсіз қашықтықты ұстауға шақырды. Тұман, көктайғақ және көріну мүмкіндігі нашарлаған кезде жылдамдықты төмендетіп, жолда барынша мұқият болу қажет.