Белгілі қазақстандық блогер Бейбіт Әлібековтің көлігіне жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салынған. Алайда жол камерасы ереже бұзушылықты тіркеген сәтте оның көлігі эвакуатордың үстінде болған. Соған қарамастан, жүйе жылдамдықты асырған эвакуаторды емес, оған тиелген көлікті тіркеген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Айыппұл туралы құжатқа сәйкес, оқиға 23 қазанда сағат 19:04 шамасында Алматы – Бішкек тасжолының 43-шақырымында болған.
Жол бойындағы автоматты бақылау камерасы мемлекеттік нөмірі 666 SUV 02 болатын көліктің жылдамдықты асырғанын тіркеген. Құжатта рұқсат етілген жылдамдық сағатына 50 шақырым екені, ал көлік сағатына 63 шақырым жылдамдықпен қозғалғаны көрсетілген.
Алайда камера түсірген фотосуреттерден аталған көліктің сол сәтте эвакуатордың үстінде тұрғанын анық көруге болады. Яғни жылдамдықты асырған көліктің өзі емес, оны тасымалдап бара жатқан эвакуатор болуы мүмкін.
Соған қарамастан, автоматты тіркеу жүйесі эвакуаторға тиелген көліктің мемлекеттік нөмірін анықтап, құқықбұзушылықты соған тіркеген.