2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен оның аумақтық департаменттеріне 72,6 мыңға жуық өтініш түскен. Азаматтар көбіне бөлшек және электрондық сауда, тұрмыстық қызмет көрсету мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына шағымданған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Комитеттің есепті кезеңдегі жұмысы аумақтық департамент басшылары қатысқан кеңесте қорытындыланды.
Түскен өтініштердің 23,1 мыңы, яғни 31,9 пайызы бойынша тұтынушылардың талаптары қанағаттандырылған. Тағы 26,6 мың адамға құқықтық көмек көрсетіліп, 16 мың өтініш құзыретіне қарай тиісті мемлекеттік органдарға жолданған.
Тоғыз ай ішінде аумақтық департаменттер кәсіпкерлік субъектілеріне 1 347 тексеру жүргізді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38 пайызға көп.
Тексеру нәтижесінде 1 836 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 54,3 млн теңге айыппұл салынған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушылардың 2,1 млрд теңге көлеміндегі құқығы қорғалды. Бұл сомаға азаматтарға ақшасын қайтару, тауарды айырбастау және ауыстыру жағдайлары кіреді. Салыстыру үшін, 2025 жылдың осы кезеңінде аталған көрсеткіш 1,9 млрд теңге болған.
Сонымен қатар қоғам назарын аударған 107 іс жеке қаралды. Соның аясында 365 тұтынушыға 1,03 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілген.
Аумақтық департаменттер Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында сегіз сот талабын берген. Нәтижесінде 144 тұтынушының құқығы қорғалып, оларға 5,86 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Кеңесте аумақтық департаменттердегі телефон байланысының қолжетімділігі мен кеңес беру сапасына қатысты шағымдар да талқыланды. Бөлімше басшыларына байланыс нөмірлерін жаңартып, телефон желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және азаматтарға көрсетілетін кеңестің сапасын арттыру тапсырылды.