Есепсіз қалған миллиондар: Атырауда спорт басқармасы тексерілді

Есепсіз қалған миллиондар: Атырауда спорт басқармасы тексерілді
Фото: ЖИ

Атырау облысында спортшылар мен жаттықтырушылардың жарыстарға баруына бөлінген 635,7 млн теңгенің қалай жұмсалғанын растайтын құжаттар табылмады. Бұл облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына жүргізілген аудит кезінде анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Ақ Жайық" басылымының мәліметінше, тексеру кейінгі үш жылдағы бюджет шығындарын қамтыған. Аудиторлардың мәліметінше, 2022 жылы өңір спортшылары мен жаттықтырушыларының республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуына 145 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда басқарма бұл қаражаттың қайда және қалай жұмсалғанын көрсететін аванстық есептерді ұсына алмаған.

Мұндай есептер 2023 жылы бөлінген 285,9 млн теңге мен 2024 жылғы 203,9 млн теңгеге қатысты да берілмеген. Осылайша, растайтын құжаттары жоқ қаражаттың жалпы сомасы 635,7 млн теңгеге жеткен.

Аудит нәтижесінде бюджет қаражатын жұмсау, бухгалтерлік есеп жүргізу және іссапар шығындарын өтеу талаптарының бұзылғаны анықталды.

Ішкі мемлекеттік аудит департаменті спорт басқармасына заңбұзушылықтарды жойып, оған жауапты қызметкерлердің мәселесін қарауды тапсырды. Басқарма аудит қорытындысымен келіскен және оған қарсылық білдірмеген.

Қазір сотта 635,7 млн теңгені мемлекет кірісіне қайтару туралы талап-арыз қаралып жатыр.