Қонаевта төтенше жағдай режимін жариялануы мүмкін

Көркем Алдабергенова 17 жел. 2025 10:49

Қонаев қаласында төтенше жағдай (ТЖ) режимін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қала әкімінің шешім жобасы 2025 жылғы 16 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.

Құжатқа сәйкес, Қонаев қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің шатырын ұшырып әкеткен қатты желге байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау жоспарланып отыр.

ТЖ режимі енгізілген кезеңде зақымданған тұрғын үйлердің шатырларын қалпына келтіру көзделген. Ресми мәліметке сай, бұл режим әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де теріс салдарға әкеп соқпайды.

Қала әкімдігінің дерегінше, 12 желтоқсанға қараған түні секундына 25 метрге дейін жеткен қатты желдің салдарынан Қонаевта 30-дан астам авария тіркелген. Табиғи қолайсыздық қалалық инфрақұрылымға зиян келтіріп, бірқатар аудандарда электр жарығы, су және жылу уақытша өшкен.

Қала әкімі Асхат Бердіханов шұғыл жиын өткізіп, коммуналдық қызметтерге, энергетиктерге, құтқарушылар мен медицина қызметкерлеріне табиғи апаттың салдарын барынша жедел жоюды тапсырды. Қазіргі таңда апаттың нақты себептері анықталып, келтірілген шығын көлемі бағаланып жатыр. Билік өкілдері жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді.

Қалада қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда: мамандар электр желілерін жөндеп, құлаған ағаштарды тазалап, бүлінген құрылымдар мен шатырларды қалпына келтіріп, көшелерді қоқыстан арылтып жатыр.

Тұрғындар жылу мен ыстық судың уақытша өшкеніне де шағымданған. «Жылу орталығы» мекемесінің түсіндіруінше, түнде электр қуатының қысқа мерзімге өшуі салдарынан су салқындап кеткен, алайда қазір жүйе қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, ыстық судың барлық үйлерге толық жетуіне уақыт қажет.

Қарлығаш шағынауданында ауыз су уақытша өшірілген. Бұл аумақта сорғыларды электрмен қамтамасыз ететін желіде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қонаев қаласында тұрғындардың өтініштерін қабылдайтын екі жедел штаб жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, ақпарат тәулік бойы «109 және Қонаев қаласының әкімдігі» WhatsApp тобында жарияланып отырады. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшірілген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар