Молдова үкіметі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы келісімді және ұйымның жарғысын денонсациялау жөніндегі заң жобаларын мақұлдады. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі «Интерфаксқа» хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үкімет осы шешім арқылы Молдова ТМД-ның жарғылық органдарынан толық шығу рәсімін бастады деп түсіндірді. Ресми Кишинев бұл қадамды ұйымның құндылықтары мен негізгі қағидаттары сақталмай отырғанымен түсіндіреді. Әсіресе, Молдова билігінің пікірінше, бұл талаптарды ТМД-ны құруға бастамашы болған Ресей Федерациясы орындамай отыр.
Молдова Сыртқы істер министрлігі қаулы жобасына жазылған түсіндірме хатта ТМД құру туралы келісімнің 5-бабына сәйкес мемлекеттер бір-бірінің аумақтық тұтастығын және қолданыстағы шекаралардың мызғымастығын мойындап, құрметтеуге міндетті екені айтылғанын еске салды.
Алайда ведомствоның мәліметінше, ТМД-ның негізінде жатқан бұл қағида Ресей тарапынан сақталмай отыр.
Молдова СІМ-і ТМД келісімін денонсациялау елдің Еуропалық одаққа қосылу үдерісі аясындағы «табиғи әрі сөзсіз қадам» екенін атап өтті.
Сонымен қатар Молдова билігі бұл шешім азаматтардың ТМД елдеріндегі еркін жүріп-тұруына әсер етпейді деп үміттенеді. Себебі бұл мәселе көбіне екіжақты келісімдер арқылы реттеледі.
Үкімет мақұлдаған заң жобалары енді парламенттің қарауына жіберіледі.
