Павлодарда белгілі балуан Дәулет Шабанбай сотталуы мүмкін

Көркем Алдабергенова 15 жел. 2025 09:12

Павлодарда еркін күрестен танымал қазақстандық балуан, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға қатысты резонансты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Спортшы Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінен құралған патрульге шабуыл жасады деген күдікпен тергеу изоляторына қамалған, деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

Павлодардағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта сот жарыссөзі өтті. Атақты балуанға Қылмыстық кодекстің 380-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы – «Екі немесе одан да көп адамға қатысты билік өкіліне күш қолдану» бойынша айып тағылып отыр.

Іс материалдарына сәйкес, биыл қыркүйек айында кешкі сағат тоғыздар шамасында Ұлттық ұланның үш әскери қызметшісінен құралған патруль Шабанбайды қалалық дәмханалардың бірінің маңында тоқтатқан. Бұған азаматтардың шағымы себеп болған. Мәліметке сәйкес, мас күйде болған спортшы шу шығарып, өзін агрессивті ұстаған.

Патрульдің сұрақтары мен ескертулеріне ол балағат сөздермен жауап беріп, кейін бір әскери қызметшіні итеріп жіберген, наряд басшысын иығынан теуіп, бет тұсынан ұрған, ал үшіншісінің көзіне соққы тиген. Көмекке келген өзге патрульдер күдіктіні жерге жығып, қолына кісен салған.

Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы 42 жастағы спортшыны орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Қорғау тарапы бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Адвокат Дәулет Шабанбайдың Қазақстанды халықаралық аренада танытқан белгілі спортшы екенін, тұрақты жұмысы, отбасы барын және оң мінездемелері барын атап өтті. Қорғау пікірінше, қылмыстық құқықбұзушылық ауыр санатқа жатқанына қарамастан, ол алдын ала жоспарланбаған, ауыр зардаптарға әкелмеген және кенеттен туындаған эмоциялық қақтығыс салдарынан болған.

Спортшы өз кінәсін толық мойындағанымен, сот жарыссөзінде сөз сөйлеуден бас тартты.

Еске салайық, балуанға тағылған баптың санкциясы бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар