Freedom Inside '26

ТМД елдері радиациялық жағдай бойынша деректер алмасады

ТМД елдері радиациялық жағдай бойынша деректер алмасады
gov.kz
Мәжіліс ТМД елдері арасындағы радиациялық жағдай мониторингі туралы деректер алмасуға қатысты келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Dala News.
 
Құжат 2023 жылғы 8 маусымда Сочиде жасалған. Келісімге сәйкес, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер радиациялық жағдай туралы ақпаратпен тұрақты түрде алмасу үшін уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыруға міндеттенеді.
 
Сонымен қатар тараптар радиациялық жағдайдың өзгерістері туралы маңызды мәліметтерді уақытылы ұсынуға келісті. Егер радиоактивті заттардың трансшекаралық таралу қаупі немесе фактісі анықталса, мемлекеттер бұл туралы бір-біріне дереу ақпарат береді. Бұл талап үшінші мемлекеттердің аумақтарына қатысты жағдайларға да қолданылады.
 
Келісімге сәйкес, құзыретті органдар деректер алмасудың бірыңғай тәртібін әзірлейді. Онда:
•берілетін ақпараттың нақты тізімі;
•деректер форматтары;
•архивтеу мерзімдері;
•радиациялық жағдай параметрлері туралы мәліметтерді беру регламенті;
•уәкілетті органдардың байланыс деректері көрсетіледі.
 
Келісім ТМД елдері арасындағы радиациялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.