Әлемде мұнай бағасының өсуі Қазақстандағы бензин бағасына әсер етпейді, деп хабарлайды Dala News.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты мұнай бағасы өсіп жатқанына қарамастан, Қазақстанда бензин құны өзгермейді.
«Парсы шығанағы елдері мен Америкада бензин бағасына бұл жағдай әсер етіп жатыр. Біз де жаңалықтардан көріп отырмыз. Ал Қазақстанда – жоқ», – деді министр Мәжіліс кулуарында.
Министрдің сөзінше, қазіргі таңда мұнай нарығы өте құбылмалы. Соңғы уақытта баға бірнеше рет өзгерген.
«Бір кезде мұнайдың баррелі 119 долларға дейін көтерілді. Қазір шамамен 87 доллар деңгейінде. Бағаның 80 доллар шамасында қалыптасуына алғышарттар бар. Себебі Парсы шығанағы елдерінің мұнай инфрақұрылымына жасалған шабуылдар туралы ақпараттар бар. Бұл нарықтағы мұнай көлемінің азаюына әсер етті», – деді ол.
Сонымен қатар министр мұнай бағасы алдағы уақытта өсе ме, әлде төмендей ме деген сұраққа нақты болжам жасамады. Оның айтуынша, бұл Таяу Шығыстағы қақтығыстың қалай өрбитініне байланысты болады.
