Қазақстанда алюминий, мыс және мырышты ішкі нарықта өңдеуді арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары іске асырылуда, деп хабарлайды Dala News.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бұл шаралар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шикізатты терең өңдеуді дамыту және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр.
Бағдарламаға сәйкес, ірі тау-кен компаниялары алдымен отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етеді, ал ішкі нарықтағы міндеттемелер орындалғаннан кейін ғана қалған көлем экспортқа жіберіледі.
Мемлекеттік қолдау тетігі аясында базалық металдар — алюминий, мыс және мырыш отандық кәсіпорындарға жеңілдікпен ұсынылады. Жеңілдік мөлшері өнімді өңдеу деңгейіне байланысты белгіленген:
•дайын өнім үшін – Лондон металдар биржасы (LME) бағасынан 5%;
•аралық өнім үшін – 1%.
2025 жылы осы бағдарлама аясында 18 кәсіпорынмен үшжақты келісім жасалып, катодтық мыс, бастапқы алюминий және металл мырыш жеткізу туралы келісімдер бекітілді.
Өңдеу өнеркәсібінде шикізатқа сұраныс тұрақты өсіп келеді. Мәселен:
•мысқа сұраныс 2025 жылы 18,6 мың тонна болса, 2026 жылы 20,4 мың тоннаға дейін өседі;
•алюминийді ішкі өңдеу көлемі 57,4 мың тоннаны құрады, ал 2026 жылы сұраныс 77,7 мың тоннаға жетуі мүмкін;
•мырышқа қажеттілік 2025 жылғы 1,8 мың тоннадан 2,6 мың тоннаға дейін ұлғаяды.
Министрлік мәліметінше, базалық металдармен қамтамасыз ету кабель өнімдері, аккумуляторлар, терезе профильдері, жиһаз фурнитурасы және басқа да дайын өнім өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.
Осылайша мемлекет шикізатты ішкі өңдеуді кеңейтіп, қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттыруды және экспорттық әлеуетті күшейтуді көздеп отыр.
