Қазақстанда Қызыл кітапқа енген қызғалдақ пен бәйшешек сияқты сирек өсімдіктерді жұлу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Dala News.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, мұндай өсімдіктерді жұлғандарға қатаң жаза қарастырылған.
«Қызғалдақ пен бәйшешекті жұлу үшін бізде қатаң жаза бар, сондықтан мен бұл өсімдіктерді жұлмаған дұрыс деп кеңес беремін. Олар көп емес және бұл тізімге бекер енгізілмеген. Әлемде жыл сайын өсімдіктердің, әрине, жануарлардың да көптеген түрі жойылып кетеді. Кез келген түрдің жоғалуы қайтымсыз теріс салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан табиғатты қорғаңыздар», — деді министр.
Оның сөзінше, Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктердің тізімі өте үлкен, мыңдаған түрді қамтиды. Министр олардың нақты санын атай алмағанымен, бәйшешек те сирек өсімдіктер қатарына жататынын атап өтті.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктерді заңсыз жұлу 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға әкелуі мүмкін.
2026 жылғы есеп бойынша бұл шамамен 13 миллион теңгеге дейін айыппұл деген сөз.
Еске салайық, 2025 жылдың сәуірінде Түркістан облысында бір әйел Қызыл кітапқа енген жабайы қызғалдақтарды жұлып алғаны үшін қылмыстық іс қозғалған болатын. Оқиға әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін белгілі болған.
