Қостанай облысында бес жасар бала қаза тапты: күдікті қамауға алынды

Қостанай облысында бес жасар бала қаза тапты: күдікті қамауға алынды
Фото: ЖИ

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында бес жасар бала ауыр дене жарақаттарынан көз жұмды. Оқиғаға байланысты ер адам ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Tengrinews.kz мәліметінше, қайғылы жағдай 26 қазанда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, баланың басы мен денесінен көптеген жарақат анықталған. Әулиекөл аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің "Жас баланы өлтіру"  бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.

Күдікті оқиға болған күні ұсталған. Кейін сот оны қамауда ұстау туралы шешім шығарды. Қостанай облысының прокуратурасы тергеу барысы бақылауға алынғанын мәлімдеді.

"Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды", – деп хабарлады прокуратура.

Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оған өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза тағайындалуы мүмкін.

Жергілікті тұрғындар баланың өліміне оның әкесі қатысы болуы ықтимал екенін айтқан. Алайда бұл ақпаратты құзырлы органдар ресми түрде растаған жоқ.

Қостанай облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Бәсенованың мәліметінше, марқұм балабақшаға барған. 2026 жылдың наурызынан бастап әкесімен бірге тұрған, оған дейін әжесінің тәрбиесінде болған. Баланың анасы ата-ана құқығынан айырылған.

Соттың 2025 жылғы 28 наурыздағы шешімі бойынша бала әкесімен тұруы тиіс болған. Бастапқыда әжесі немересін бермегенімен, әкесі жалдаған адвокат араласқаннан кейін бала оның қолына тапсырылған. Отбасының тиісті органдардың есебінде болған-болмағаны қазір анықталып жатыр.