Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан жасыл энергия бойынша бірігеді

Самал Асқар 11 нау. 2026 14:56

Мәжіліс Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан арасындағы жасыл энергияны өндіру және тасымалдау саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Dala News.

Құжатқа тараптар 2024 жылғы 13 қарашада Бакуде қол қойған. Келісім жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласында ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатып, үшжақты энергетикалық серіктестіктің тұрақты моделін қалыптастыруға бағытталған.

Құжатта жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін тиімді пайдалану, сондай-ақ үш ел арасында және Еуропа мемлекеттерімен экологиялық таза электр энергиясының саудасын дамыту қарастырылған.

Сонымен қатар жасыл электр энергиясын тұрақты түрде экспорттау үшін Орталық Азия мен Әзербайжанның энергетикалық жүйелерін өзара байланыстыру жоспарланып отыр.

Үшжақты ынтымақтастық аясында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа жүйеаралық байланыстар құру және бірлескен жобаларды іске асыру көзделген.

Келісім бойынша жасыл энергияны тасымалдау жобасы да іске асырылады. Жоба аясында Каспий теңізінің түбімен Қазақстан мен Өзбекстаннан Әзербайжанға дейін суасты кабелі тартылып, кейін ол Қара теңіз энергетикалық дәлізі арқылы Еуропа елдеріне электр энергиясын жеткізу жүйесіне қосылады.

Ынтымақтастық тең құқықтылық, өзара тиімділік, егемендік пен ұлттық мүдделерді құрметтеу қағидаттарына негізделіп жүзеге асырылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove