Экология министрлігі жақын айларда киік мүйіздерін аукцион арқылы сатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Dala News.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, Қазақстан киік мүйізіне қатысты нөлдік квотаны алып тастау туралы шешімге қол жеткізгенімен, белгілі бір шектеулер сақталады.
«Жылына 10 тоннаға дейін сатуға құқығымыз бар. Самарқандта өткен конвенция отырысының шешіміне сәйкес. Биыл Сауда министрлігімен бірге іске асыру тетігін пысықтап жатырмыз. Бір-екі ай ішінде аукцион жариялап, мүйіздерді сатуды бастаймыз. Түскен қаражат биоалуантүрлілікті сақтау, киіктерді қорғау, көлік сатып алу және шаруашылықтарды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жұмсалады», – деді министр Мәжіліс кулуарында.
Министрдің мәліметінше, Қазақстандағы қоймаларда 20 тоннадан астам киік мүйізі сақтаулы. Олардың әрқайсысы арнайы таңбаланып, жеке идентификациялық нөмірмен тіркелген.
Сонымен қатар Нысанбаев киік санын реттеу жұмыстары жалғасатынын айтып, бұл процесті «жою» деп атауға болмайтынын атап өтті.
Оның сөзінше, киік популяциясын сақтауға бағытталған шаралар нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай шығын келтіретін жаңа мәселе пайда болған.
