Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 сарбазға қатысты көріпкел Ақгүл Есетқызы күтпеген мәлімдеме жасады. Ол марқұм әскери қызметшілерді аян ретінде көргенін айтып, өзіне ерекше әсер қалдырған көріністі баяндады.
Ақгүл Есетқызы бұл туралы журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында айтқан.
Көріпкелдің сөзінше, Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан кейін қаза тапқан әскери қызметшілер оған аян бергендей болған. Ол көрген көрінісінде сарбаздардың үсті-басы су болып, қатты тоңып тұрғанын жеткізді.
Ақгүл Есетқызы сұхбат барысында өзін ерекше толқытқан көріністі сипаттаған.
"Өлген сарбаздар келіп менен көмек сұрады. Қатты тоңды, үстеріне құрғақ орамал жапқым келді. Үстері малмандай су. Мен бұл әңгімені еш жерге жазған жоқпын. Адамдар қорықпасын дедім. Олардың ауызы ине-жіппен тігіліп тұрды", – деді ол.
Көріпкелдің айтуынша, аянда көрген сарбаздар өздерінің өмірден өткенін түсінбегендей әсер қалдырған. Ол олармен сөйлесуге тырысқанын, алайда тілдесе алмағанын айтады.
"Тірілер мен өлілер әлемінде заңдылық бар. Оларды естисің, бірақ сөйлесе алмайсың. Қатты тоңып, дірілдеп тұрды. Олар өздерінің өліп қалғанын да түсініп тұрған жоқ", – деді Ақгүл Есетқызы.
Бұл – сұхбат кейіпкерінің жеке сезімі мен түсіндіруіне негізделген әңгіме. Оның айтқандары сарбаздардың қаза болу жағдайын немесе денелерінің нақты күйін сипаттайтын медициналық не тергеу дерегі емес.
Каспийде 14 әскери қызметші қаза тапқан
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы оқиға болды. Ауа райының күрт бұзылуынан бір топ әскери қызметшіні теңіз ағысы алып кеткен.
Алғашқы мәліметтерде 12 адамның қаза тапқаны айтылған. Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметшінің денесі табылып, марқұмдар саны 14-ке жетті.
Үш әскери қызметші аман қалған.
Аталған жағдайға байланысты Қазақстанда 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Оқиға бойынша "Қызметке салғырт қарау" және "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" баптарымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.
Қайғылы жағдайдың нақты себептері мен жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға тергеу нәтижесінде беріледі.