Өз еркімен кетті деп рәсімдеген: Оралда 17 мұғалім өтемақы талап етті

Өз еркімен кетті деп рәсімдеген: Оралда 17 мұғалім өтемақы талап етті
Фото: ЖИ

Орал қаласында гимназиядан босатылған 17 педагог еңбек құқығын сот арқылы қорғап шықты. Сот білім беру мекемесін олардың әрқайсысына бір лауазымдық жалақы көлемінде біржолғы өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс материалдарына сәйкес, мұғалімдер зейнет жасына толуына байланысты жұмыстан кеткен. Алайда гимназия басшылығы еңбек шарттарын педагогтердің өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініштері негізінде тоқтатқан. Соның салдарынан ұстаздар заңда қарастырылған біржолғы төлемнен қағылған.

Сот жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату тәртібін сақтамағанын және қызметкерлерге тиісті деңгейде ескерту жасамағанын анықтады.

"Сот 17 педагогпен жасалған еңбек шарттарының тоқтатылуы олардың зейнет жасына жетіп, зейнетке шығуына байланысты болғанын мойындады. Гимназия әр мұғалімге бір лауазымдық жалақы көлемінде біржолғы өтемақы төлеуге міндеттелді", - деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Орал қаласының №2 соты бұрынғы мұғалімдердің талап арызын толық қанағаттандырды. Әзірге сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.