Көкшетауда Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімінде қызмет еткен азамат көз жұмды. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, оның денесі тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінен табылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полиция болжамды суицид дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның нақты себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін 17 қыркүйекте Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсековтің қайтыс болғаны хабарланған еді. Полиция бұл оқиғаны Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тергеп жатыр.
Аян Дүйсековтің туыстары оның жұмыс орнында моральдық және психологиялық қысым көргенін, әділетсіз тәртіптік жазаға тартылғанын мәлімдеген. Сондай-ақ қызметтік баспанадан шығару мәселесі көтерілгенін айтқан. Марқұмның артында жары мен екі кішкентай баласы қалды.