Қостанай облысында интернет-алаяқтарға SIM-карталарды белсендіруге көмектескен 26 жастағы әйел анықталды, деп хабарлайды Dala News.
Полиция мәліметінше, күдікті тіркелген нөмірлерге WhatsApp мессенджерінде аккаунттар ашып, кейін оларға қолжетімділікті үшінші тұлғаларға берген. Дәл осындай нөмірлер арқылы алаяқтар азаматтарға хабарласып, өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе түрлі ұйымдардың өкілі ретінде таныстырып, адамдарды алдаған.
Тергеу барысында әйелдің SIM-карталарды белсендіру арқылы табыс тапқаны анықталды. Төлем криптовалюта арқылы жүргізіліп, кейін қаражат банктік шоттарға шығарылып отырған.
Тінту кезінде алты ұялы телефон, үш планшет және түрлі байланыс операторларына тиесілі 400-ге жуық SIM-карта тәркіленді.
Аталған дерек бойынша алаяқтық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы мен ықтимал сыбайластары анықталып жатыр.
Костанай облыстық полиция департаменті азаматтарға мессенджерлер арқылы келетін күмәнді хабарламалар мен қоңырауларға сенбеуге, жеке деректерін жарияламауға және белгісіз адамдардың өтініші бойынша қаржылық операциялар жасамауға кеңес берді.
