СҚО-да әкімдік ғимаратын жөндеуге 156 млн теңге бөлінген

Қаракөз Амантай 11 нау. 2026 15:39

Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында әкімдік ғимаратын жөндеуге 156 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Goszakupturaly парақшасының мәліметінше, Петропавл қаласындағы БАҚ өкілдері аудан әкімдігі ғимаратына қатысты жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы бейнематериал жариялаған. Видеода көрсетілгендей, ғимарат су тасқынынан зардап шекпеген әрі айтарлықтай жөндеуді қажет етпейді. Соған қарамастан, әкімдік 156 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын сатып алу рәсімін жүргізген.

Сатып алу қалай жүргізілген

Жөндеу жұмыстары бір көзден тікелей шарт жасасу тәсілі арқылы жүзеге асқан. Тапсырыс беруші бұл тәсілді төтенше жағдай салдарын жою қажеттілігімен түсіндірген.

Алайда бейнематериал мен ашық деректерге сүйенсек, бұл нысанға қатысты нақты төтенше жағдай болмаған.

goszakupturaly парақшасының жазуынша, мұндай негіздеме мемлекеттік сатып алуда жиі қолданылатын тәсілдердің бірі. Әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдай салдарын жою деген негізбен бір көзден сатып алу тәжірибесі жиі кездеседі.

Күмән тудыратын тағы бір жайт

Жөндеу жұмыстары бойынша келісімшарт мемлекеттік сатып алу порталында дәл сол күні тіркелген жеке кәсіпкермен жасалған.

Аталған кәсіпкер бұған дейін мемлекеттік сатып алуларға мүлде қатыспаған. Ал келісімшартқа қол қойылардан бір апта бұрын ғана тиісті қызмет түрлеріне байланысты ОКЭД кодтарын қосқан.

Бір аптада "жөнделген" әкімдік ғимараты

Ең назар аударарлық жайт – жөндеу жұмыстарының орындалу мерзімі.

Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін бар-жоғы бір апта ішінде орындалған жұмыстар актісі (АВР) рәсімделген. Мұндай қысқа мерзімде аудандық әкімдік секілді ірі ғимаратты жөндеу сарапшылардың пікірінше шындыққа жанаса бермейді.

Прокуратура араласты

Бұл жағдай БАҚ-та жарияланғаннан кейін іске прокуратура араласқан. Қадағалау органы келісімшартты бұзу туралы ұйғарым шығарған.

Нәтижесінде келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылған.

Алайда мәселенің тағы бір даулы тұсы бар:
156 млн теңге көлеміндегі жоспарланған қаржының 95 млн теңгесі жеткізушіге төленіп үлгерген.

Бұл қаражат тапсырыс беруші мен мердігер тараптардың орындалған жұмыстар актілеріне қол қоюы арқылы аударылған.

Прокуратураның мәліметінше, орындалған жұмыстар актісіне қол қойған қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылады.

Айта кетейік, актіге қол қойған тұлға – аудан әкімінің міндетін атқарушы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove