Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында мединицина саласында шиеленісіп жатқан бірнеше мәселені көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат шетелге оқуға кеткен қазақстандық дәрігерлердің қажетті білім алып жатпағанын айтып, министрден осы мәселеге назар аударуын сұрады.
"Биыл дәрігерлерді дайындауға 300 млн теңген бөлінген. Бұл – аз ақша емес. Таяуда Түркияда болдым. Ондағы азаматтар Денсаулық сақтау министріне сәлем айтты. Олардың айтуынша, Түркияға адамдарды жіберіп, оқытқаннан ешқандай пайда жоқ. Жасыратыны жоқ. Ол жақта біздің дәрігерлер сабақ оқығаннан гөрі көп қыдырады екен. Шетелдегі азаматтар сол ақшаға түріктің маманын алдыртып, неге елімізде оқытпайды деп айтып отыр. Себебі, осылай тиімді болады", - деді Ринат Зайытов.
Сонымен қатар ол МӘМС атауына да ерекше тоқталып, оның қателіктерін атады.
"МӘМС – мемлекетке жасалған үлкен қастандық деп ойлаймын. Оның ішінде біріншісі – Президенттің сөзін бұрмалау. Президент жолдауында "міндетті" деген сөзді айтқан жоқ. Онда "ерікті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тәжірибеге енгізуді ұсынамын" деді. Біздікілер "шаш ал десе, бас алады". Ерікті дегенді міндетті қылып жібердік. МӘМС-ті қазір тоқтата алмасақ, мен сізге бір мысал айтып берейін. Аягөзде МӘМС-тің жоқтығынан адам қайтыс болған. Сондықтан жаппай халықты қабылдайтын жүйе ойлап табуларыңызды сұраймын", - деді ол.