Disney арнасының бұрынғы жұлдызы Келам Уорти жасанды интеллект (AI) көмегімен марқұм адамдардың виртуалды бейнелерін жасайтын қосымшасы үшін қатаң сынға ұшырады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Dailymail таратқан ақпаратқа сәйкес, 34 жастағы Уорти X желісінде жарнамалық видеоны жариялаған.
Онда: "Өмірден өткен жақындарымыз болашағымыздың бір бөлігі бола алса ше?" - деп жазылған.
Өнер иесі Голливуд продюсері Рассел Гейзермен бірге құрған компаниясы “адамзаттың тірі мұрағатын” жасауды мақсат етіп отырғанын атап өтті.
Даулы жарнама не туралы?
Желіде қызу талқыға түскен жарнамада жүкті әйел 2wai қосымшасы арқылы марқұм анасының жасанды бейнесімен тілдеседі.
Видеоның жалғасында виртуалды әженің жаңа туған немересіне ертегі оқып отырғаны, баланы мектептен күтіп алатыны, тіпті болашақта оның өз баласының дүниеге келуі туралы әңгімелесетіні көрсетіледі.
Ролик соңында әйел анасының бейнесін жасау үшін бар болғаны үш минуттық видеосын жүктегені айтылады. Экранда: “2wai арқылы үш минут – мәңгіге айналады” деген ұран шығады.
Әлеуметтік желі қолданушыларының реакциясы
Желі қолданушылары бұл идеяға түбегейлі қарсы шықты. Көпшілігі оны “ең сәтсіз бастамалардың бірі” деп атаса, енді бірі “зұлым, жалған әрі адамшылықтан айыратын қосымша” деп баға берді.
Сынға қалған 2wai (оқылуы — two way) қосымшасы қазірдің өзінде App Store арқылы iOS құрылғыларында қолжетімді. Ол пайдаланушыларға “HoloAvatar” деп аталатын виртуалды бейнелерді жасауға мүмкіндік береді.
Қосымшада дайын кейіпкерлер де бар. Мәселен, жеке жаттықтырушы Дариус, астролог Селеста, аспаз Лука.
Компания тіпті Уильям Шекспир мен VIII Генрихтің бейнесін жасап қойған.
Алайда ең даулы тұсы - өмірден өткен адамды үш минуттық видеомен толықтай “қайта тірілтуі”.
Компания бұл технологияның қалай жұмыс істейтіні жөнінде ешқандай нақты түсініктеме бермеген. Тіпті журналистердің сұрақтарына да жауап қатпаған.
Қоғамның алаңдаушылығы
Марқұм адамдарды жасанды интеллект арқылы “қайта тірілту” идеясы қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырды.
X желісінде қолданушылардың бірі: “Қайғыны табыс көзіне айналдыру – адамшылыққа жат”, - деп жазды.Тағы бірі ашуланып: “Егер біреу мені AI арқылы тірілтсе, қарғыс айтар едім”, - деді.
Технологияны сынаушылар бұл жағдайды Black Mirror сериалының “Be Right Back” эпизодымен ұқсастығын бірден байқады. Онда қайғыдан қан жұтқан әйел қайтыс болған сүйіктісінің цифрлық көшірмесін жасайды. Аталған серияда технологияға шамадан тыс сенудің қаупі туралы баянадалады. Бірақ қолданушылардың пікірінше, 2wai командасы бұл ескертуді елемеген көрінеді.
“Black Mirror-дың ең қорқынышты эпизодын стартапқа айналдыруға кімнің батылы жетті?” - деп жазды олар.
Көпшілік AI арқылы марқұмдарды “тірілту” адамның психологиясына салмақ түсіруі мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар жұрт марқұм адамның бейнесі мен дауысы компанияның жарнама немесе коммерциялық мақсатында пайдалануынан қорқады.
