Алтай Көлгінов журналистің сұрағына ренжіп қалды

Қаракөз Амантай 18 қар. 2025 09:28

Астананың бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов Эстониядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі қызметіне тағайындалуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz Toppress.kz-ке сілетеме жасап.

Журналистер Алтай Көлгіновтен қоғамда тараған “Эстонияға елші болып бару – саяси жер аудару” деген пікірге қатысты ойын сұрады.

“Сіз қазір барлық елшіні ренжіттіңіз. Елші – халықаралық деңгейдегі аса жауапты саяси лауазым. Сондықтан мемлекет маған осындай сенім артып, елші қызметін жүктегеніне қуаныштымын”, – деді ол.

Бұрынғы әкімге елорда басшысы қызметінде жүрген кезде президент сенімін ақтай алды ма деген сұрақ та қойылды. Журналистер елордадағы мәселелерге байланысты сын жиі айтылғанын еске салды.

“Астанада сын әрдайым болған және болады. Бұл – заңды құбылыс. Президент елорданың дамуын жеке өзі қадағалайды. Өйткені Астана – еліміздің бас қаласы, мемлекеттің қақпасы. Мемлекеттің, Үкіметтің бақылауы мен сын айтуы қалыпты жұмыс процесіне жатады. Сын айтылған жерде даму бар”, – деп жауап берді Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, Алтай Көлгінов Астана әкімі қызметінен қаланың ауызсу тапшылығы күшейген тұста кеткен еді. Бірқатар ауданда демалыс күндері су беруге шектеу қойылып, кейін ресми су беру кестесі енгізілген. Билік бұл жағдайды қаланың шамадан тыс тез өсуімен байланыстырды. Ал вице-премьер қызметінде жүрген Көлгінов су дағдарысына қатысты “кінәлі адамды іздеудің қажеті жоқ” екенін айтқан.

Сонымен қатар қоғам белсенділері оны нүктелік құрылыстарға жол бергені және Талдыкөл көлдер жүйесінің жойылуына әсер еткені үшін айыптаған. Ал оның орнына келген әкім Жеңіс Қасымбек Көлгіновтің және өзге де бұрынғы әкімдердің жұмысына баға беруден бас тартқан еді.

Еске салайық, 2024 жылдың наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтай Көлгіновті Қазақстанның Эстониядағы елшісі қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар