Басына кондиционер құлап жараланған фельдшер көз жұмды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Марқұмның күйеуі бұл ақпаратты Atameken Business арнасына растады.
Еске салсақ, Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып түсіп, үш адам зардап шеккен. Әрі қарай оларға көмекке келген екі жедел жәрдем қызметкері де ауыр жарақат алды. Фельдшердің басына биіктен кондиционер құлап, бәрі жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты.
Өткен сенбіде қаннен-қаперсіз кетіп бара жатқан апалы-сіңлілердің басына тұрғын үйдің қасбеті құлаған. Ауыр жарақат алған екеу дереу ағасына қоңырау шалып көмекке шақырады.
Артынша жан ұшыра жетіп келген ер адам да сапасыз салынған құрылыстан зардап шеккен. Екі жедел жәрдем қызметкерін қосқанда, жалпы саны бес адам ауруханаға жеткізілді.
Науқастардың жақындары төтенше жағдай қызметкерлері дер кезінде келмеді деп отыр. Алайда құтқарушылар бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Полицейлер "Сапасыз салынған құрылыс" бабы бойынша тергеу бастап, оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.
