Алматы облысында дәретханадан 21 жастағы қыздың денесі табылды

Алматы облысында дәретханадан 21 жастағы қыздың денесі табылды
ЖИ: Dalanews.kz

Алматы облысының Ұзынағаш ауылында 29 маусым күні 21 жастағы Диананың мәйіті ерлер дәретханасынан табылды. Марқұмның туыстары оның өз-өзіне қол жұмсағанына күмән келтіріп, қылмыстық әрекет болуы мүмкін екенін айтып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қыздың анасының айтуынша, қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Диана оған сыйлық жасап, сұлулық салонына апарған және концертке билет сатып берген. Жұмыстан кейін ол ағасына баруды жоспарлаған. Алайда түнде байланысқа шығуын тоқтатқан.

Туыстарының сөзінше, қыздың денесінде көптеген көгерген іздер болған. Сондай-ақ олар Диананың сөмкесінен 100 мың теңге мен мойнындағы алтын алқаның жоғалғанын мәлімдеді. Кейін оның жеке заттары жырадан табылып, тергеушілерге тапсырылған.

Марқұмның жақындары оқиға орнында болған болуы мүмкін куәгердің сөзіне де назар аударуда. Олардың айтуынша, әлгі әйел дәретхана маңынан екі көлік пен төрт жас жігітті көргенін айтқан.

Ал полиция аталған факті бойынша «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Түпкілікті процессуалдық шешім сараптамалар мен тергеу нәтижесіне сәйкес қабылданады.