Үстірт мемлекеттік табиғи қорығында орнатылған фототұзақ тағы да сирек кездесетін алдыңғыазиялық қабыланды тіркеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, жыртқыш биылғы наурыз және мамыр айларында камера объективіне түскен. Қазіргі уақытта мамандар оның қозғалыс бағытын бақылауды жалғастырып жатыр.
Ведомство өкілдері қабыланның қайтадан байқалуы Үстірттің жойылып кету қаупі төніп тұрған бұл түр үшін маңызды әрі қауіпсіз мекен болып қала беретінін көрсететінін атап өтті.
Мамандардың айтуынша, мұндай деректер сирек жануарларды қорғау және олардың популяциясын қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесін бағалауға мүмкіндік береді.
Алдыңғыазиялық қабылан әлемдегі ең сирек жыртқыштардың бірі саналады. Сондықтан оның Қазақстан аумағында қайта-қайта тіркелуі табиғат қорғаушылар үшін маңызды оқиға болып отыр.