Астанада үстінен тұрғын үйдің қасбеті мен ауа баптағыш құлаған екі науқас ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр. Қалған үш зардап шеккен адам да ауруханада. Ал тұрғын үйдің қаптамасының опырылуына байланысты полицейлер қылмыстық іс қозғаған. Сапасыз салынған құрылыс дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып түсіп, үш адам зардап шеккен. Әрі қарай оларға көмекке келген екі жедел жәрдем қызметкері де ауыр жарақат алды. Фельдшердің басына биіктен кондиционер құлап, бәрі жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Өткен сенбіде қаннен-қаперсіз кетіп бара жатқан апалы-сіңлілердің басына тұрғын үйдің қасбеті құлаған. Ауыр жарақат алған екеу дереу ағасына қоңырау шалып көмекке шақырады. Артынша жан ұшыра жетіп келген ер адам да сапасыз салынған құрылыстан зардап шеккен. Екі жедел жәрдем қызметкерін қосқанда, жалпы саны бес адам ауруханаға жеткізілді.
"Қайын апам қонаққа келем деген, дүкеннен бірдеме сатып алып келгісі келген. Қарасақ, отыр, айқайлап, шаң, қан болып. Ар жаққа қарасақ, тастың астында Айнур жатыр, қайын сіңлім. Күйеуім өзі жүгіріп келген. Жүгіріп барсам, күйеуім де жатыр, қанжоса боп, тастың астында, фельдшердің аяғы жатыр", - дейді науқастың әйелі Айгүл Қалиева.
Ақ халатты Әділет Зейнел сол күні түскен науқастардың арасынан ауа баптағыш жаншып қанжоса боп жатқан әйелін көргенде аяқ қолы қалтырап тұрып қалған. Үйленгеніне енді екі апта болыпты. "Жан сақтау бөлімінде жатқан жан жарымды көрген сайын жүрегім қақ айрылады" дейді дәрігер.
"Дәл осындай жағдайлардың 100-ден көп болмаса, азын қабылдамаймыз, құлап жатады, жол-көлік апаттары болады. Бірақ өзімнің әйелім келген кезде мен ештеңе істей алмай қалдым, қолымнан ештеңе келген жоқ. Қолым дірілдегеннен, жылағаннан басқа ештеңе істей алмаймын. Өйткені өзіңнің жақын адамыңды көрген кезде, ол өте ауыр бір сезім болады екен", - дейді науқастың күйеуі Әділет Зейнел.
Науқастардың жақындары төтенше жағдай қызметкерлері дер кезінде келмеді деп отыр. Алайда құтқарушылар бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Хабарлама бірінші жедел жәрдем қызметіне келген. Жедел жәрдем қызметінің бригадасы сол жерге бірінші келген. Бізге, 112 қызметіне хабар жеткенде құтқарушылар дереу келді. Әлеументтік желілерде "құтқарушылар кеш келді", "жұмыс жасамайды" деген ақпарат шындыққа жанаспайды", - дейді Астана ТЖД бастығының орынбасары Әрлен Бүркітбай.
Қазір үш науқас ортақ палатаға ауыстырылған. Ал екеуінің жағдайы өте ауыр дейді дәрігерлер. Полицейлер "Сапасыз салынған құрылыс" бабы бойынша тергеу бастап, оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.
