Алматыдағы «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінің үш ауласы жаңартылды

Алматыдағы «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінің үш ауласы жаңартылды

Алматының Наурызбай ауданындағы «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінде үш ауланы ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Жөндеу Райымбек даңғылы бойындағы 11 тұрғын үйдің ауласын қамтыды. Соның нәтижесінде аула инфрақұрылымы жақсарып, балалар мен спорт алаңдары ретке келтіріліп, аумақ көгалдандырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Нұрлы Дала» тұрғын үй кешені 24 үйден, 2 828 пәтерден және 41 кіреберістен тұрады. Ғимараттар 2019-2020 жылдары пайдалануға берілген. Тұрғындар қоныстанғалы бері аулаларда ағымдағы жөндеу жүргізілмеген. Сондықтан бұл жұмыстар тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырудағы маңызды қадам болды.

Жоба аясында асфальт жабыны мен тротуарлар жаңартылып, шағын сәулет нысандары, көше тренажерлері және қоршау орнатылды, суару жүйесі жасалды. Сондай-ақ, ойын және спорт аймақтары көркейтіліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді, тұрғындардың жайлы демалуына жағдай жасалды.

Аула аумақтарын көркейту аясында 2 490 бұта және 39 гүл егілді. Жасыл желекті суару үшін 930 метр тамшылатып суару желісі тартылды. Балалар және спорт алаңдарына 2 123 м² тартан жабыны төселді. Бұдан бөлек, 2 250 шаршы метр асфальт жабыны жаңартылып, аулаішілік жолдар мен жүргіншілерге арналған аумақтардың жағдайы жақсарды.

Аула кеңістігін ретке келтіріп, демалыс және спорт аймақтарын бөліп көрсету үшін 454 метр қоршау орнатылды. Тұрғындардың ашық ауада жаттығуына арналған 24 көше тренажері мен демалуға қолайлы жағдай жасайтын 25 шағын сәулет нысаны қойылды.

Жөндеу жұмыстары 2026 жылғы тамызда басталып, қазанда аяқталды.

Соның нәтижесінде үш аула жаңарып, серуендеуге, спортпен айналысуға және балалардың ойнауына қолайлы жағдай жасалды. Жоба тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға және қалалық ортаның сапасын арттыруға бағытталған.