Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

59 жыл бұрын шығарылған Ferrari 18,9 миллион долларға сатылды

59 жыл бұрын шығарылған Ferrari 18,9 миллион долларға сатылды
Фото: Gooding Christie’s

АҚШ-та өткен аукционда 1967 жылы шығарылған Ferrari 275 GTB/4*S NART Spider автокөлігі 18,9 миллион долларға сатылды. Сирек кездесетін автомобильдің алғашқы иесі Голливудтың әйгілі актері Стив Маккуин болған, деп dalanews.kz тілшісі Gooding Christie’s аукцион үйінің мәліметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сауда-саттық 20-21 қараша күндері Нью-Йоркте өткен Rétromobile көрмесі аясында ұйымдастырылды.

Аукционның ең қымбат лоты атанған Ferrari көлігінің түпкілікті бағасы сатып алушы төлейтін комиссиямен бірге 18 миллион 925 мың долларды құрады.

Фото: Gooding Christie’s

Әлемде мұндай көліктің небәрі 10 данасы бар

Ferrari 275 GTB/4*S NART Spider – италиялық автомобиль өндірушінің ең сирек модельдерінің бірі.

1967 жылы шығарылған бұл автомобильдің шасси нөмірі – 10453. Ол аталған модельдің небәрі 10 данасының бірі.

Автокөлікті алғаш сатып алған адам – Голливуд жұлдызы әрі автожарысқа қатысқан Стив Маккуин. Сирек модельдің әйгілі актерге тиесілі болуы оның коллекциялық құнын арттыратын маңызды ерекшеліктердің бірі саналады.

Фото: Gooding Christie’s

Актер Ferrari көлігін өз талғамына сай өзгерткен

Автомобиль зауыттан Blu Sera деп аталатын көк түспен шыққан. Салоны қара түсті Connolly былғарымен қапталған.

Кейін Стив Маккуин көліктің сыртқы келбетін өзгертуді шешкен. Ол шанағын қою металлик көк түске қайта боятып, интерьеріне де өзгерістер енгізген.

Сонымен қатар бамперлерін алып тастап, радиоқабылдағышы бар орталық консоль орнатқан. Бір қызығы, актер көлікті сатып алғаннан кейін көп ұзамай жол-көлік оқиғасына тап болған.

Ferrari кептелісте тоқтап тұрған кезде оны артынан басқа автомобиль соққан. Кейін көлік жөнделген.

Фото: Gooding Christie’s

Ferrari-дің бұдан да қымбат сатылған нұсқасы бар

18,9 миллион долларлық баға айтарлықтай жоғары болғанымен, бұл модель үшін рекорд емес.

2013 жылдың тамызында дәл осы Ferrari 275 GTB/4*S NART Spider моделінің басқа данасы АҚШ-тың Монтерей қаласында өткен аукционда 27,5 миллион долларға сатылған.

Осы жолы сатылған көліктің құндылығы оның сирек шығарылуымен ғана емес, Голливуд тарихымен тікелей байланысында.