Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың 19 жастағы ұлы Әли 2025 жылы ресми түрде тегін Мусаев деп өзгерткен. Арада бірнеше ай өткен соң ол Сербия азаматтығын жаңа тегімен алған. Бұл туралы «Агентство» басылымы мен Сыбайлас жемқорлықпен күрес қорының (ФБК) зерттеуінде айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тегін ресми түрде өзгерткен
«Агентство» басылымы зерттеген АХАЖ деректеріне сәйкес, Әли Қадыров 2025 жылғы 22 желтоқсанда ресми түрде Әли Мусаев атанған. Құжат Грозный қаласының Орталық АХАЖ бөлімінде рәсімделген. Келесі күні оған жаңа ішкі паспорт берілген.
Мемлекеттік қызметтер порталындағы мәліметтерде де оның жаңа тегі Мусаев деп көрсетілген. Ал бұрынғы тегімен берілген паспорты жарамсыз деп танылған. АХАЖ деректерінен табылған туу туралы куәлікте Әлидің ата-анасы ретінде Рамзан Қадыров пен Медни Қадырова көрсетілген.

ФБК мәліметінше, Әли Мусаев Сербия азаматтығын алған. Алайда жарияланған деректердегі даталарға назар аудару қажет: Сербия үкіметінің шешімінде азаматтық 2025 жылғы 10 шілдеде берілгені көрсетілген. Бұл оның тегі 22 желтоқсанда өзгертілгені туралы мәліметтен бұрын.
Сербия үкіметінің құжатында Әли Мусаевтың 2006 жылғы 14 желтоқсанда Шешенстандағы Қадыровтар әулетінің туған ауылы Центаройда дүниеге келгені жазылған. Қазір бұл елді мекен Ахмат-Юрт деп аталады.
ФБК зерттеушілерінің мәліметінше, Әли Мусаев деген атпен Қадыровтың ұлы шетелге жүзден көп сапарлаған. Оның негізгі бағыттарының бірі Дубай болған. Ол сапарларында жеке ұшақтарды пайдаланған.
Осы рейстерді зерттеу барысында ФБК өкілдері Қадыровтар отбасына тиесілі екені бұрын белгісіз болған Bombardier Global 6000 бизнес-джетін де анықтаған. Ұшақтың тіркеу нөмірі – RA73604. Зерттеушілердің мәліметінше, ол 2025 жылғы тамызда Еуропадағы бұрынғы иесінен сатып алынған.
Қадыровтың өзге балалары да Мусаев тегін пайдаланады
«Агентство» бұған дейін Қадыровтың ұлы шетелге ұшқанда Мусаев тегін бұрыннан пайдаланып жүргенін жазған. Зерттеу мәліметтеріне сәйкес, оның қыздары Айшат, Карина, Табарик, Хеди және ұлдары Адам, Ахмат пен Абдулах та шетелге сапар кезінде Мусаев тегін қолданады.
Сонымен қатар Рамзан Қадыровтың үшінші ұлының ресми құжаттардағы есімі де көпшілікке таныс есімінен өзгеше екені айтылған. Шекара қызметінің деректеріне сүйенген «Агентство» мәліметінше, ол шекарадан өткенде Мохьмад есімімен рәсімделген екі паспортты пайдаланған. Ал Адам Қадыровтың атына берілген паспорттарды басылым зерттеген деректерден таба алмаған.