Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Балқашта жер комиссиясының мүшесі пара алғаны үшін сотталды

Балқашта жер комиссиясының мүшесі пара алғаны үшін сотталды
pixabay.com

Қарағанды облысының Балқаш қаласында жер комиссиясының мүшесі мен пара берген азаматқа қатысты үкім шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Балқаш қалалық сотының мәліметінше, іс материалдарына сәйкес, К.А. есімді азамат С.-ның мүддесін қорғап, қосымша жер телімін беру туралы өтінішпен қалалық жер қатынастары бөліміне жүгінген. Алайда жер комиссиясының мүшесі К.С. заң талаптарының бұзылуына байланысты өтінішті қолдауға қарсы болған.

Мұны білген К.А. комиссия мүшесінен өтінішті қолдап, комиссия хаттамасына қол қоюды сұраған. Тараптар оң дауыс бергені үшін мүлік түрінде пара беруге келіскен. К.С. қажетті құрылыс материалдарының тізімін ұсынған.

Сот анықтағандай, 2023 жылғы 6 қарашада К.А. құрылыс материалдарын пара ретінде берген. Оның орнына К.С. қосымша жер телімін беру туралы жер комиссиясының хаттамасына қол қойған.

Сот К.С.-ны мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамның заңсыз әрекеті үшін едәуір мөлшерде мүлік түрінде пара алғаны бойынша Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігімен, ал К.А.-ны пара бергені үшін 367-баптың 2-бөлігімен кінәлі деп таныған.

Сотталушылардың зейнет жасын және екінші фигуранттың мүгедектігін ескеріп, К.С.-ға пара сомасының 50 еселенген мөлшерінде, ал К.А.-ға 30 еселенген мөлшерінде айыппұл тағайындаған.

Бұдан бөлек, екеуіне де мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте, қаржы нарығын реттеу органдарында, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынған.

Прокурор сотталушыларға тиісінше төрт жыл және үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Ал қорғау тарапы оларды ақтауды өтінген.

Балқаш қалалық сотының хабарлауынша, үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.