Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Кей өңірлерде қар жауып, жел күшейеді: Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді

Кей өңірлерде қар жауып, жел күшейеді: Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді
Ауа райы. Фото-коллаж: Dalanews.kz / ЖИ

Қазақстанда алдағы екі күнде ауа райы құбылмалы болады. Елдің бірқатар өңірінде қар жауып, көктайғақ қалыптасса, оңтүстікте күн жылынып, ауа температурасы 25 градусқа дейін көтеріледі. Кей облыстарда желдің екпіні 30 м/с-тан асуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

25-26 қарашада Қазақстанның солтүстік, шығыс және батыс өңірлерінде жаңбыр аралас қар, тұман және көктайғақ болжанып отыр. Ал оңтүстік аймақтарда күздің соңғы күндері салыстырмалы түрде жылы болады.

Солтүстік өңірлерде қар жауып, қатты жел соғады

Ақмола облысында 25 қарашаға қараған түні солтүстік және шығыс аудандарда аздаған қар күтіледі. 26 қарашада жауын-шашын күшейіп, кей жерлерде жаңбыр аралас қар жауады. Тұман түсіп, жолдарда көктайғақ қалыптасуы мүмкін.

Желдің екпіні 23-28 м/с-қа, кей уақытта 30 м/с-қа және одан жоғары деңгейге жетуі ықтимал.

Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында да жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі. Жекелеген аудандарда желдің екпіні 30 м/с-тан асуы мүмкін.

Оңтүстікте күн 25 градусқа дейін жылынады

Алматы облысында 25 қарашаға қараған түні жаңбыр мен қар, таулы аудандарда қар жаууы ықтимал. 26 қарашада өңірдің батысында, оңтүстігінде және таулы бөлігінде жаңбыр күтіледі.

Күндіз ауа температурасы 25 қарашада +15…+20 градус, ал 26 қарашада +17…+22 градус болады.

Жетісу облысында да жауын-шашын болжанып отыр. Ауа температурасы күндіз +14…+19 градусқа дейін көтеріледі.

Түркістан облысында 26 қарашада жаңбыр жауып, күндіз +20…+25 градусқа дейін жылынады. Алайда кей аудандарда желдің екпіні 23–28 м/с-қа, кей уақытта 30 м/с-тан жоғары деңгейге жетуі мүмкін.

Жамбыл облысында да жаңбыр болжанып, ауа температурасы +19…+24 градусқа дейін көтеріледі.

Батыс пен орталықта көктайғақ болады

Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болуы ықтимал. Желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.

Қарағанды облысында 25 қарашаға қараған түні жаңбыр мен қар жауады. 26 қарашада күндіз жаңбыр болжанып отыр.

Ұлытау облысында 26 қарашада жаңбыр жауып, кей аудандарда тұман мен көктайғақ күтіледі.

Қызылорда облысында жаңбыр жауып, жекелеген аудандарда тұман түседі.

Шығыста қар мен көктайғақ күтіледі

Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында қар жауып, тұман мен көктайғақ қалыптасуы мүмкін. 26 қарашада желдің екпіні кей жерлерде 23-28 м/с-қа жетеді.

Павлодар облысында 25 қарашаға қараған түні және 26 қарашада күндіз жаңбыр аралас қар болжанып отыр. Кей аудандарда тұман түсіп, көктайғақ болады.