Қытай АҚШ-қа қатаң ескерту жасады: Тайваньға қару сатудың салдары қандай?

Қытай АҚШ-қа қатаң ескерту жасады: Тайваньға қару сатудың салдары қандай?
Ашық дереккөз

Қытай Тайваньға қару-жарақ жеткізуге қатысы бар АҚШ-тың 20 әскери компаниясы мен 10 жоғары лауазымды басшысына қарсы санкциялар енгізіп, Вашингтонды аралға әскери қолдау көрсетуді тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шектеу шаралары АҚШ-тың Тайваньға ірі көлемде қару сату туралы шешіміне жауап ретінде қабылданған. Бейжің бұл әрекетті Қытайдың егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіреді деп санайды.

Санкцияға іліккен компаниялар мен басшылардың Қытай аумағындағы активтері бұғатталып, оларға қатысты бірқатар шектеу енгізіледі. Сонымен қатар Қытай ұйымдарына санкция тізіміндегі тұлғалармен іскерлік байланыс орнатуға тыйым салынады.

Қытай тарапы Тайвань мәселесін АҚШ-пен қарым-қатынастағы ең маңызды әрі шегінен аттауға болмайтын мәселелердің бірі деп атады. Бейжің Вашингтонды «Бір Қытай» қағидатын сақтауға және Тайваньға қару жеткізуді тоқтатуға шақырды.

Тайвань өзін-өзі басқаратын демократиялық арал болғанымен, Қытай оны өз аумағының бір бөлігі деп есептейді. АҚШ Тайваньмен ресми дипломатиялық қатынас орнатпағанымен, оның қорғаныс қабілетін қолдап келеді. Осы мәселе екі ірі держава арасындағы негізгі қайшылықтардың бірі болып отыр.