Қазақстанда Гонконг тұмауымен ауырып жатқандар көп

Сағыныш Сардарова 18 қар. 2025 09:16

Елде тұмау жұқтырғандар көбейді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Гонконг тұмауы таралып жатқанын растап отыр. Бұл вирусты 500-ге жуық адам жұқтырған, деп хабарлайды Dalanews.kz "Жетінші арнаға" сілтеп.

Көпшілігінде дене қызуы 39 градусқа дейін көтеріліп, жөтел мен тамақтың ісінуі жұрттың мазасын әбден қашырған. Вирус, әсіресе, балалар арасында өршіп тұр.

Емханаға жүгінетіндер де көбейген. Күніне дәрігерге 50-ге жуық науқас қаралады. Дәрігерлердің айтуынша, әсіресе, 14 жасқа дейінгі балалар арасында тұмау жиілеген.

"Ауруға қарсы ем дер кезінде жасалмаса, ол өкпенің қабынуы, пневмония, бронхитке дейін асқынуы мүмкін", - дейді мамандар.

Биылғы эпидемиологиялық маусым басталғалы бір миллион төрт жүз мыңға жуық адам жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырған. Тек өткен аптада 150 мыңнан аса жағдай тіркелді. Ал қыркүйек айынан бері тұмау 600-ге жуық адамда анықталған. Соның 578-і – Н3N2 штамы, яғни Гонконг тұмауы.

"Тұмаудың жаңа штамдары, жаңа түрлері пайда болған жоқ. Бұл былтыр да, алдыңғы жылы да біздің елде айналымда болған. Ешқандай жаңа вирус емес, сол үшін қатты дүрбелеңге салынып, үрейленудің қажеті жоқ", - дейді СЭБК басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар