Түркістан облысында полицейлер қарсыласқан ер адамды атып өлтірді

Көркем Алдабергенова 18 қар. 2025 10:51

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында тәртіп сақшыларына оқ атып, қарсылық көрсеткен ер адамды полицейлер атып өлтірді. Оқиға отбасылық жанжалдан кейін болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшыларына жергілікті тұрғын хабарласып, бұрынғы күйеуі үйге қарумен келіп, кәмелетке толмаған балалардың көзінше жанжал шығарғанын айтқан.

Полиция келген кезде ер адамды ұстауға әрекет жасалған. Алайда ол үйден қашып шығып, көрші ауладағы сарайға тығылған. Қауіпсіздік үшін аумақ толық қоршауға алынған.

Құқық қорғау органдарының заңды талабына қарамастан, ер адам қару қолдануды тоқтатпаған. Полицейлер алдымен ескерту ретінде ауаға оқ атқанымен, ол бағынбаған. Соңында тәртіп сақшылары қызметтік қару қолдануға мәжбүр болып, ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Полицияның хабарлауынша, қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтау үшін тиісті тергеу және жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция басшылығының бақылауында.

Оқиға орнын қарап-тексеру кезінде тіркелмеген шолақ мылтық, оқ-дәрілер және гильзалар тәркіленді. Қылмыстық іс қозғалды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар