Түркия билігі Ыстамбұл мэрі - оппозициялық саясаткер Экрем Имамоғлудың ұсталғанынан кейін құлдырап қоя берген қаржы нарығын тұрақтандыруға жең түре кірісіп кетті. Демалыс күндері орталық банк басшылығы коммерциялық банктердің өкілдерімен қаржы нарығындағы құбылмалылықты ауыздықтау үшін "техникалық кездесу" өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетсек, билікке қысымның бірі, күтпеген жерден осы қор нарығы тарапынан келді. Өйткені оппозиция өкілі ұстала салысымен, түріктің бүкіл қалталылары қор нарығын "шайқауға" кірісті. 19 наурызда Forex халықаралық нарығында түрік ақшасына шаққанда 1 АҚШ доллары 11,99%-ға қымбаттап, 41,1 лира болды. Осылайша Түркия тарихында америкалық валюта бағамы алғаш рет 40 лирадан асқан. Ал Borsa Istanbul қорының ашылу кезінде базалық индекс 6,9%-ға төмендеп, сауда-саттық кілт тоқтады. Елдің 10 жылдық тәуелсіз облигацияларының құны да құлдырай жөнелді.
Bloomberg мәліметінше, саяси оқиғалар түрік акцияларына қысым жасай алатынын нақтылайды, өйткені елдің қор нарығында, негізінен, құбылмалылық кезеңдерінде белсенді әрекет ететін ішкі инвесторлар басым. Түрік бағалы қағаздар депозитарийінің веб-сайтындағы мәліметтерге сәйкес, жергілікті инвесторлар түрік акцияларының шамамен 62,5%-ына ие. Сондықтан бүгіндері саяси сауда осы қор нарығы төңірегінде өрбіп жатқан жайы бар.
Құлдырау ентігін басқанымен, түрік қор нарығындағы құбылмалылық әлі де жалғасуда. Осы дүйсенбіде АҚШ долларына шаққанда түрік лирасы тағы 0,5% арзандады. Borsa Istanbul 100 қор индексі 2,8% үстемеледі. Ал өткен аптада лира 3,1%-ға арзандап, қор индикаторы 17%-ға төмендеген еді.
Өткен бейсенбіде Түркияның орталық банкі кезектен тыс отырыс өткізуге мәжбүр болды. Оның қорытындысы бойынша overnignt кредиттері бойынша мөлшерлемені 2 пайыздық тармаққа, яғни 46%-ға дейін көтерді,осылайша қаржылық жағдайларды қатаңдату және лираны қолдау шаралары қолға алынды.
Демалыс күндері орталық банк басшылығы коммерциялық банктердің өкілдерімен қаржы нарығындағы құбылмалылықты ауыздықтау үшін "техникалық кездесу" өткізді, деп хабарлады Түрік банктерінің қауымдастығы. Ал бұл кездесу қарсы тараптың талаптарын қарастыруға негізделіп, мынандай қосымша шаралар қабылданды:
- Сондай-ақ, орталық банк қаржы жүйесіндегі артық лира көлемін азайту үшін 91 күндік мерзімді қамтитын вексельдерді орналастыру бойынша аукцион өткізуге ниетті екендіктерін жариялады. Бұл - соңғы 20 жылдағы алғашқы осындай аукцион.
- Түркия билігі қарастырған тағы басқа қадамдардың қатарында ұлттық валютадағы жинақтарды ынталандырушы - лира депозиттеріне салынатын салық көлемін азайту да бар, деп хабарлайды Bloomberg өз дереккөздеріне сілтеме жасап.
- Жексенбіде капитал нарығына жауапты түрік реттеушісі бұрын тек 50 ірі компанияның қағаздары үшін әрекет еткен акциялар нарығында "қысқа мерзімді" сатылымға тыйымды күшейтті.
- Сондай-ақ компанияларға акцияларды алдыңғы сессияның жабылу кезіндегі деңгейден жоғары бағамен сатып алуға мүмкіндік беру арқылы buyback ережелерін жеңілдетті.
- Сонымен қатар, реттеуші нарықтың одан әрі құлдырауын болдырмауға тырысып, биржалық сауданың маржалық талаптарын да жұмсартты.
Айта кетсек, 2019 жылдан бері Ыстамбұл мэрі қызметін атқарып келген Экрем Имамоғлу сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу шаралары аясында 19 наурызда ұсталған болатын. Көп ұзамай түрік қор нарығында құлдырау орын алды. Ол 2027 жылға белгіленген Түркиядағы президенттік сайлауға оппозицияның ұсынып отырған басты кандидаты болып саналады. Бұған дейін Ыстамбұл университеті Экрем Имамоғлуға берген дипломын жойған болатын. Себебі жоғары білімі бар адам ғана Түркия президенттігінен үміттене алады. Экрем Имамоғлудың ұсталуы Түркияда наразылық акцияларын туғызды, оның барысында 1 мыңнан астам адам ұсталды.