Әлеуметтік желілерде Алматыда «жаппай тазарту жүріп жатыр» деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Dala News.
Алайда полиция бұл мәліметті жоққа шығарып, қалада тек жоспарлы профилактикалық рейдтер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Құқық қорғау органдарының түсіндіруінше, мұндай тексерулер белгілі бір жағдайларға байланысты жүйелі түрде өткізіліп тұрады және тек Алматыға ғана тән емес. Осындай рейдтер Астана мен өзге де өңірлерде жүргізіледі.
Полиция өкілдері қоғамда тараған қауесеттерге байланысты нақты ұстаным білдірді.
«Қандай да бір “тазарту” туралы әңгіме жоқ. Бұл – жоспарлы жұмыс. Ешқандай “аң аулау” болмайды. Бірақ жол ережесін өрескел бұзғандарға қатысты қатаң шаралар қабылданады», – деді олар.
Сонымен қатар жуырда болған ауыр жол-көлік оқиғасына қатысты да сұрақтар көтерілді. Әсіресе, жол апатына себеп болған жүргізушінің полицияда таныстары бар деген ақпарат қоғамда қызу талқылануда.
Бұл мәселеге қатысты Ішкі істер министрлігі арнайы комиссия құрған. Қазір аталған дерек жан-жақты тексеріліп жатыр. Белгілі болғандай, іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, бірқатар жауапты тұлғалар қызметінен босатылған. Тергеу нәтижелері кейін жария етіледі.
Полиция өкілдері жол қозғалысы ережелерінің маңызын тағы да еске салды. Олардың айтуынша, бұл ережелер жай ғана талап емес, адам өмірін қорғауға бағытталған нормалар. Сондықтан қызыл шамға өту, қарсы жолаққа шығу секілді өрескел бұзушылықтарға ешқандай кешірім болмайды.
Жол қауіпсіздігі мәселесі қайта көтерілді
Осы оқиғалар аясында елде жол қауіпсіздігін күшейту мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты. Сенатор Марат Қожаев бірқатар нақты ұсыныстарын жариялады.
Оның айтуынша, Қазақстанда жол апаттарының шамамен 90%-ы жүргізушілердің кінәсінен болады. Сондықтан бақылауды күшейту қажет.
Сенатор қалаларда орташа жылдамдықты өлшейтін камералар орнатуды ұсынды. Бұл жүйе жүргізушінің белгілі бір аралықтағы орташа жылдамдығын есептеп, тұрақты түрде бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қожаев өрескел және жүйелі түрде жол ережесін бұзатындарға қатысты жазаны қатаңдату қажет екенін айтты. Атап айтқанда, айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу мүмкіндігін алып тастау ұсынылған еді.
«Бір жыл ішінде 10 реттен артық құқықбұзушылық жасайтын жүргізушілер бар. Осындай адамдар 11, 12 немесе 13-рет бұзса, айыппұлды толық төлеуі тиіс», – деді сенатор.
Бұдан бөлек, ол жүргізуші куәлігін уақытша шектеу, қайта емтихан тапсыру міндеті, ұзақ мерзімге құқықтан айыру және әкімшілік қамау сияқты шараларды да қарастыруды ұсынды.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай өзгерістер жолдағы тәртіпті күшейтіп, адам өліміне әкелетін апаттардың санын азайтуға бағытталған.
