Талдықорғанда жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Полицияның мәліметінше, жол апаты 2 сәуір күні түнгі сағат 00:10 шамасында Жансүгіров пен Балпық би көшелерінің қиылысында болған.
Алдын ала дерекке сәйкес, Toyota Camry көлігінің жүргізушісі бағдаршам белгісіне қарамастан қозғалысын жалғастырып, мопедпен соқтығысқан.
Салдарынан мопедте болған екі адам түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қазір олар жансақтау бөлімінде жатыр.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Әсіресе, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда жылдамдықты төмендетіп, асығыс әрекетке бармау керегін ескертті.
