Алматыда жалған ақпарат таратты деген күдікпен қамалған блогер Әділетхан Молдаханның туыстары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне ашық хат жолдап, әділ тергеу жүргізуді талап етті, деп хабарлайды Dala News.
Үндеу авторларының айтуынша, блогер қазіргі таңда Алматыдағы СИ-8 тергеу изоляторында отыр. Оған қатысты тағайындалған сараптама нәтижесі 9 сәуірге дейін шығуы тиіс. Осы қорытынды бойынша оның әрекетінде қылмыс құрамы бар-жоғы анықталады.
Туыстары блогердің мемлекеттік ұстанымға қайшы пікір білдіргені үшін ғана қудаланып жатқан болуы мүмкін екенін алға тартты.
«Біз әділдікті талап етеміз. Оны тек пікірі үшін қылмыскер ретінде көрсетуге болмайды. Ол ешқашан тексерілмеген ақпарат таратқан емес», – делінген хатта.
Олардың сөзінше, Әділетхан бұрын полиция қызметкері болған және заңгерлік білімі бар, сондықтан жалған ақпарат тарату жауапкершілігін жақсы түсінеді.
Қазіргі таңда іс ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қарастырылуы мүмкін. Бұл бапта интернет арқылы жалған ақпарат таратқаны үшін айыппұлдан бастап үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Туыстары бұл жағдай блогерлерге қысым көрсету құралына айналып кетуі мүмкін деп алаңдайды.
«Оны басқаларға сабақ болсын деп жазалай ма деген қауіп бар. Тергеу ашық әрі әділ өтсін дейміз», – деді күдіктінің жақындары.
Үндеу соңында олар Мемлекет басшысынан істі жеке бақылауға алуды сұрады.
