"Төңкеріс бола жаздады". Қор нарығы құлдырап, Түркия дүрбелеңге бой ұруда

Кәмшат Тілеухан 20 нау. 2025 09:40 1470

2025 жылы 19 наурызда АҚШ долларына шақққанда түрік лирасының құны ең төменгі рекордтық деңгейге дейін құлдырады. Бұл құлдырау Ыстамбұл мэрі, оппозиция көшбасшысы Экрем Имамоғлудың қамауға алынуынан кейін басталды. Ал Borsa Istanbul қорының ашылу кезінде базалық индекс 6,9%-ға төмендеп, сауда-саттық кілт тоқтады. Елдің 10 жылдық тәуелсіз облигацияларының құны да құлдырай жөнелді. Әсіресе, мұндайды күтпеген шетелдік инвесторлар шындап абдырап қалды. Ал Ердоғанның митинг өткізуге салған тыйымына қарамастан бүгін Ыстамбұл көшелері адамдарға лық толды. Қала мэрі ғимараты алдында жиналғандарға республикалық халық партиясының көшбасшысы Өзгюр Өзел: "Мына болған жағдай – төңкеріс жасауға әрекеттену" деп мәлімдеп, қарашаны сабырға шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

РБК мәліметтері бойынша, сәрсенбіде Forex халықаралық нарығында түрік ақшасына шаққанда 1 АҚШ доллары 11,99%-ға қымбаттап, 41,1 лира болды. Осылайша Түркия тарихында америкалық валюта бағамы алғаш рет 40 лирадан асқан.

Bloomberg мәліметінше, түрік лирасы мен акцияларының бағасы Ыстамбұл мэрі, президент Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласы Экрем Имамоғлу қамауға алынғаннан кейін күрт төмендеді. Басылым саяси оқиғалар түрік акцияларына қысым жасай алатынын нақтылайды, өйткені елдің қор нарығында, негізінен, құбылмалылық кезеңдерінде белсенді әрекет ететін ішкі инвесторлар басым. Түрік бағалы қағаздар депозитарийінің веб-сайтындағы мәліметтерге сәйкес, жергілікті инвесторлар түрік акцияларының шамамен 62,5%-ына ие.

"Саяси оқиғалар әлемдік инвесторларды да абдыратып тастады, олар, негізінен, Түркияға оң көзқараспен қарайтын, экономикалық тұрғыда тәуелсіз әрі АҚШ-пен сауда-саттықтағы шиеленістерден оқшау деп пайымдайтын", - деп жазады басылым.

Айта кетсек, Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлу мен оның БАҚ-пен байланысты кеңесшісі Мұрат Онгун 19 наурызда арнайы операция барысында ұсталып, сотқа жеткізілді. Іс бойынша сотқа барлығы 100 күдікті тартылған. Осыдан кейін ел ішінде әлеуметтік желілердің жұмысы шектелді. Сонымен қатар, мэрдің ұсталуына байланысты Ыстамбұлда 23 наурызға дейін демонстрациялар мен митингілер өткізуге тыйым салынды.

Негізі, алдағы жексенбіде Республикалық халық партиясының съезінде Имамоғлу 2028 жылғы президенттік сайлауда оппозиция атынан түсетін кандидат ретінде жарияланады деп күтілген екен. Ал президенттік сайлаудың мерзімінен бұрын, яғни 2027 жылдың қарашасында өтуі де мүмкін екендігі туралы да сыбыс бар. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар