Отбасы банк Қазақстан бойынша тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың тізімін тексерудің аралық қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Банк мәліметінше, кезек тізімдері Отбасы банкке берілгеннен кейін инвентаризация басталған. Бұл – кезекте тұрған азаматтардың деректерін нақтылап, олардың мәртебесін, отбасы құрамын, санатын және тұрғын үйінің бар-жоғын тексеру рәсімі.
Қазіргі таңда 408 565 азамат тексеруден өткен, тағы 49 011 адамның мәліметі қаралу үстінде.
Сонымен қатар 74 005 азаматтың кезегі уақытша тоқтатылған. Бұл олардың есепке қойылу жағдайларын толық анықтау үшін жасалған. Ал 16 537 адам тұрғын үй кезегінен мүлде шығарылған.
Тағы 75 456 адамға тұрғын үй кезегіне тіркелуге бас тартылғаны белгілі болды.
Бас тартудың негізгі себептері – азаматтың немесе оның отбасы мүшелерінің атына тұрғын үйдің тіркелуі, сондай-ақ отбасы мүшелерінің бірінің тұрғын үй кезегінде бұрыннан болуы.
Қазіргі таңда Қазақстанда тұрғын үй кезегінде 968 640 адам тұр. Оның шамамен 30%-ы немесе 306 632 адам басым құқыққа ие санатқа жатады. Бұл – тұрғын үй мәселесін өз бетінше шешуі қиын азаматтар. Мемлекеттік қолдау шаралары негізінен осы топтарға бағытталған.
Енді тұрғын үй кезегіне соңғы бес жылда баспанасы болмаған барлық кәмелетке толған қазақстандықтар, сондай-ақ жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтар тіркеле алады.
