Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінен кейін жансақтау бөліміне түскен 18 жастағы қыздың туысы әлеуметтік желіде үндеу жариялап, жұрттан дұға тіледі, деп dalanews.kz тілшісі Ulysmedia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның сөзінше, концерт кезіндегі қалың топта қыз құлап қалып, адамдардың аяғының астында қалған.
"Адамды құлатып, өлім аузына жеткенше таптайтындай қалай сонша қатыгез болуға болады? Менің бауырымды не үшін ұрып, таптадыңыздар? Ол алты сағаттан бері жансақтау бөлімінде, өмір мен өлімнің арасында жатыр. Қазір бізге өте ауыр. Өтінемін, аман қалсын деп дұға етіңіздерші", – деп жазды қыздың туысы.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы 18 жастағы науқастың жағдайы ауыр екенін растады.
Ведомство мәліметінше, оған оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Қазір қыз дәрігерлердің тұрақты бақылауында және қажетті ем алып жатыр.
Оқиға 10 қазанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен Қайрат Нұртастың концерті кезінде болған.
Куәгерлердің айтуынша, стадион кіреберісінде адам көп жиналып, қысылыс туындаған. Әлеуметтік желіде кей көрермен адамдардың құлап, есінен танып қалғанын жазып, концертті ұйымдастыру кезіндегі қауіпсіздік шараларына қатысты сын айтқан.
Оқиғаның нақты мән-жайы мен жауапты тараптарға қатысты ресми қорытынды әзірге жарияланған жоқ.